10 Наурыз 2021
195

24 наурыз - Дүниежүзі Туберкулезге қарсы күрес күні

24 наурыз - Дүниежүзі Туберкулезге қарсы күрес күні

 Жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзі Туберкулезге қарсы күрес күнін атап өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын әртүрлі ұранмен өтеді. Туберкулездің алдын алу және анықтау, туберкулезге қатысты әр адамның белсенді өмір сүру жағдайын қалыптастыру жөніндегі білім-білік деңгейлерін көтеру мақсатында биылғы жылы «Туберкулезді бірге жеңейік!» ұранымен ұйымдастырылатын ауқымды айлыққа №5 қалалық емханасы да атсалыспақ.

Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын-алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген. Яғни, аталған сырқат түрі тегін емделеді.

Туберкулез белгілері қалай байқалады?

Туберкулез белгілері бірден байқалмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер байқалады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.

 

Алдын-алу шаралары

Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай тұрып, туберкулезге қарсы екпе егіледі.

Перзентханада егілген туберкулезге қарсы екпе адамды ұзақ уақыт бойы осы аурудан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынады. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту — вакцина емес, ол адамның туберкулез ауруын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау тәсілі ғана. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс.

Ал, ересектер жыл сайын (кеуде қуысын) флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы тиіс.

Өз денсаулығың – өз қолыңда

Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақытылы өтіп тұрған жөн.

Ағзаның саулығы, негізінен, дұрыс тамақтануға, дұрыс демалуға, қимыл-қозғалысқа, өмір сүру салтына тікелей байланысты. Сондықтан дәруменді, қуатты тағамдармен уақытылы тамақтану керек. Ал салауатты өмір салтын ұстану, белсенді қимыл-қозғалыс денсаулықты одан әрі нығайта түседі. Темекі мен ішімдік алыс болсын. Ағзаның сыртқы әсерлерге қарсы тұру, күресу қабілетін, яғни иммунитетті күшейтейік!

Ең бастысы — туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина қызметкерлері ғана емес, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өзін-өзі күтуі қажет.